Атом холдингі өз кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігін арттырады

Қазатомөнеркәсіп елімізде алғашқы болып ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығының жүйесімен өзінің өткізу режимі жүйесін біріктірді.

Бұған дейін әкімшілік және өндірістік объектілерге кіру үшін қызметкерлер HR және қауіпсіздік қызметтерінің мамандары ПТР-тестілеу нәтижелері мен вакцинация паспорттарын қолдан жинап, тексеру жүргізетін көп кезеңді өткізу режимінен өтетін.

Жүйелердің интеграциясы Қазатомөнеркәсіптің қауіпсіздік қызметтерін COVID-19 жұқтырудың ықтимал қатерлері туралы өзекті ақпаратпен, оның ішінде ауырған немесе олармен жақын байланыста болған адамдар, өзін - өзі оқшаулау режимін бұзған жұмыскерлер мен объектілерге келушілер туралы деректермен қамтамасыз ету арқылы ауру жұқтыруға әкеп соқтыратын ықтимал байланыстар санын қысқартуға мүмкіндік берді.

«Біз өз қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге тырысамыз. Пандемия жағдайындағы өмір шындығы цифрлық технологияларды қолдану периметрін жеделдетіп, кеңейте түсті», - дейді Қазатомөнеркәсіптің Трансформация жөніндегі бас директоры Әлібек Алдоңғаров.

«Денсаулық сақтау министрлігі Қазатомөнеркәсіптің ірі еңбек ұжымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Компанияның өткізу режимін қосымша тексеру құралы ретінде сервисті қолдану жөніндегі бастамасын толық қолдайды», - деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев.